Адамдық іс
Күн шықса, нұр қашады айдан - дағы,
Жарлы артық қайыры жоқ байдан - дағы.
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,
«Бұл сөзді таптың, - деме, - қайдан тағы?!»
Тұлпардың тұқымының туымы бар,
Белгілі ат болуы тайдан - дағы.
Алда — аға, артта — іні болып тұрса,
Жігітке ол бір құрал, сайман - дағы.
Деген бар: «Төртеу түгел — төрге шығар!
«Төрің сол — бақыт құстың айналғаны.
Алтау боп — аузың ала бола қойса,
Дұшпанға құл боп анық байланбағы.
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады
Шабақтай шалпылдаған қайрандағы.
Адамдық иісіңді жұрт аңсап тұрсың,
Не керек қарныңның құр майланғаны?!
Көңіліне: «Мен де адаммын!» деп жүрген көп
Кілегей майға ұқсаған айрандағы.
Ер болсаң, елің үшін ет қызмет,
Сыбанып білегіңді сайлан - дағы.
Пользователь: Мадина Молдагали
Поэт: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы