Күн шықса, нұр қашады айдан - дағы, Жарлы артық қайыры жоқ байдан - дағы. Бұрынғы қариялардан қалған нақыл, «Бұл сөзді таптың, - деме, - қайдан тағы?!» Тұлпардың тұқымының туымы бар, Белгілі ат болуы тайдан - дағы. Алда — аға, артта — іні болып тұрса, Жігітке ол бір құрал, сайман - дағы. Деген бар: «Төртеу түгел — төрге шығар! «Төрің сол — бақыт құстың айналғаны. Алтау боп — аузың ала бола қойса, Дұшпанға құл боп анық байланбағы. Кейбіреу сәл бақытқа мас болады Шабақтай шалпылдаған қайрандағы. Адамдық иісіңді жұрт аңсап тұрсың, Не керек қарныңның құр майланғаны?! Көңіліне: «Мен де адаммын!» деп жүрген көп Кілегей майға ұқсаған айрандағы. Ер болсаң, елің үшін ет қызмет, Сыбанып білегіңді сайлан - дағы.