Боздаса кеудемдегі бота мұңым, Құл болған қажытады соқа күнім. Кедейлерді қудалап бай шалқысаң, Ешқашан әпермейді опа мұның. Айына 360 мың долларлап, Айлық алған бетсізі жоғарының. Біреуі Африкада аң аулап жүр, Орманын отап болып отанының. Бақщасына Бразилияның талын егед, Ақшасына ауылдың шопанының. Біреуі бір ауылдың жыл бюджетін, Шашады шубасына тоқалының. Апыр-ай бұлар қашан тоқтатады? Елімнің қазынасын қопаруын. Осындай опасыздарды ойнақтатып, Сен қайда қарап тұрсың, О Тәңірім?!
Жасаған болашаққа жорық деп пе ем? Ойымды өтем бүгін бөліп көппен. Қазақтың тарихында ақындар көп, Еліне маңдай терін сеніп төккен. Кешегі Бұқар Жырау дара дана, Әр сөзін Абылайға ерікті еткен. Бар жайды білгеннен соң ғана бұлай, Ырысын Қазағымның толықты еткен. Әу бастан ханға айтылған шындық қана, Басшының әрбір ісін көрікті еткен. Бүгінгі зиялының түрін көрсең, Шетінен өзін ойлап шөгіп кеткен. Басшылық сұрай қалса бүлк етпестен, Жағдайы дейді жұрттың оңып кеткен. Ақылы жеткенімен батылы жоқ, Салқыны саясаттың соғып кеткен. Иманы жұртта қалған ағалардың, Милары металлолом болып кеткен.