Серік болып Салыққа, Барып едім балыққа. Алабұға, ақ шабақ Берді маған көп сабақ. Қармағыммен ойнады, Жемімді жеп қоймады. Талай-талай қатырды, Міне қалтқы батырды. Жайлап тартып сағаға, Сып еткіздім жағаға. Тағы ұятқа қалдырды — Алып шықтым балдырды. Көлдің ойнап сазаны, Маса да алды мазаны. Шаққан жерін ісірді, Әбігерге түсірді. Түк ұстамай кеш болды, Бар еңбегім еш болды. Жеңіл ғой тек айтуға, Ұялдым құр қайтуға. — Ұстадың ғой өндіріп,— Деп Салықты көндіріп, Бір балыққа салмақты, Ауыстырдым қармақты!