Ішіме от толып кеткенде Қарағайдың бұтағына Қарыс боп қатқан мұзды Омырып алып Күтір-күтір Шайнайтын едім. Соның өзінде Қызуым басылмай Сақылдап Қайнайтын едім.
Қайда, сол кездер?!
Әліне қарамай Әлекке түсіп Жабысқан біреулерді Биттей сығып Тастайтын едім… Бүлік жоқ жерден Бүлік шығарып Қып-қызыл төбелес Бастайтын едім.
Қайда, сол кездер?!
Құданың құдіретін-ай, Жығылатын жерден жығып, Ұтпайтын жерден Ұтатын едім. Қара бұлттардың Қалыңына кіріп Қып-қызыл найзағайларды Бұтарлап сындырып Жұтатын едім.
Қайда, сол кездер?!
Қиындық көрсем Арқам қозып, Өзімді-өзім Қайта-қайта Қайрап салатын едім. Кермиық Кербез аруларды Аспанға алып қашып Ақ бұлттардың ішінде Ойнақ салатын едім…