Бір әйелдің ботасын жоқтағаны

Ертеде бір қатынның бойжеткен қызы болыпты. Екі ботасы бір інгенге тел болыпты. Үйіне бір қонақ қонып: «Қырықтың бірі - қыдыр!» - деп, тойғызып, сыйлап салыпты. Таң сәріде қатын түрегелсе, екі ботаны ит-құс тып-типыл қылып кетіпті. Түйе боздап, азынап тұр дейді. Сонда қатын екі бүйірін таянып, отыра қалып, дауыс қылып ботасын жоқтағаны:


Боз інген боздап тұр-ау ботасына,

«Қонағым қыдыр болған» - жатасың ба?

Қыдыр болған кісіге қыдыр-дағы

Мен сиейін қонақтың батасына!

Екі ботам бар еді қауыпы май,

Қара малдан аз еді-ау сауыным-ай!

«Кешкі қонақ қыдыр!» деп, жұрт айтады,

Енді қонақ жолатпан ауылыма-ай!

Есік алды қара су, балдыры бар,

Балдырына атыңды шалдырып ал.

Айдап келген ботамды байлап салмай,

Ерке қарым, ұйқыңды қандырып ал!

Екі ботам бар еді, бота-ақ еді,

Қонған жерім ботаға от-ақ еді.

Айдап келген ботамды байлап салмай,

Ерке қардың іздегені қонақ еді.

Пользователь: Мадина Молдагали

Поэт: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы