Заман кімдікі?

Бұл заман байқағанға күштінікі, 
Азулы, тырнақты мен тістінікі. 
Дүниенің патшалығы, батырлығы - 
Тыпырлап тыныш жатпаған істінікі. 
Жуас қой ен жайылған - қасқырдікі, 
Құл еркі қожайыны - «тақсырдікі». 
Құр қалмақ, әр орнында қырсық шалмақ, 
Тартыншақ, жалқау қара басқырдікі. 
Даулы мал - ебін тапқан шешендікі, 
Пыш-пышқа бағы ашылған көсемдікі. 
Еті мол, қымызы мол, қалтасы тоқ, 
Мінеки мені-ақ кісі десеңдікі. 
Жаным - хақ, қара басым - патшанікі, 
Абырой, кісілігім - ақшанікі. 
Билігім, жиған малым, сөйлер сөзім, 
Ашулы, жұдырығы зор саспанікі. 
Жансыздық - іссіз қарап тұрғандікі, 
Құр тілек құдай әбден ұрғандікі. 
Күш-қуат жанталасып жинамасаң, 
Мал, басың бұрын үміт қылғандікі.

Пользователь: Мадина Молдагали

Поэт: Сәбит Дөнентаев