Айт дедіңдер не дейін

Ал жігіттер, айт дедіңдер не дейін? 
Жалған мақтар емеспін ғой өгейің. 
Дос жылатып айтатыны рас болса, 
Мен сендерді қайрау үшін сөгейін. 
Шеттеріңнен арқалысың, дауылсың, 
Бұл сөзді айту, өзіме де ауыр сын. 
Айтпасыма жібермей тұр намысым, 
Себеп: маған барлығың да бауырсың. 
Мен батырмын деп кеудеңді қағасың, 
Өз өреңнің өлшеп білмей шамасын. 
Сондықтан да беру қиын емес қой, 
Бойыңдағы батырлықтың бағасын. 
Бабам батыр болып ед деп шіренбе, 
Жетімде де, жеті ата бар бұл елде. 
Өткендердің ерлігіне тығылмай, 
Өзің қандай ерлік қылдың түгенде! 
Батыр болған атаң Берлин алған да, 
Ағаларың барған кезде ауғанға. 
Ал сен бауырым, туысыңды тепкілеп, 
Жақыныңды жек көресің жаудан да. 
Сонан кейін батырмын деп шығасың, 
Атаман боп алақандай ауданға. 
Дұшпан емес орыс, шешен, күртің де, 
Жалғыз жауың-өз ұлтың, өз жұртың де.

Пользователь: Мадина Молдагали

Поэт: Ринат Зайтов Рифхатұлы