Бұлбұлдың аты — бұлбұл

Бір биік талға,

Қонып алып қарға,

Қанатын сілкіді,

Қарқылдай - қарқылдай

Өңеші жыртылды.

Айналаға көз салды,

Бұлбұл құсқа сөз салды:

— Ей, мүсәпір бұлбұл,

Аңдығаның гүл.

Бойыңды жазбайсың,

Биікке қонбайсың,

Аласа гүлді ағашта тұрып,

Былдырлауды қоймайсың.

Мынадай бір тұғыр тауып,

Мен сияқты ауық-ауық

Сайрап қойсаң жетпей ме,

Дыбысың әлемге кетпей ме ? -

Дегенде бұлбұл Қарғаның

Түсінді де арманын:

— Тұғырың түкке керексіз —

Бұлбұл құсқа, бұл — бір.

Екіншіден:

Қайда тұрып сайраса да,

Бұлбұлдың аты — бұлбұл.

Оған қарға түсінген жоқ,

Даусын төмен түсірген жоқ,

Әдеттегі қарқылына басты,

Бұлбұл одан аулақ қашты.

Пользователь: Мадина Молдагали

Поэт: Асқар Тоқмағамбетов