Жайықтың ақ түлкісі аралдағы

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,

Алдымнан сен бір қашқан марал - дағы.

Қараймын томағамды ашып - жауып,

Тауыңның ақиықшы Оралдағы.

Ертістің құба талы секілденіп,

Алдымнан майысып шық бұрал - дағы.

Жаудырап екі көзің отырасың,

Тұндырған шай секілді құмандағы.

Көзіме мұнарланып көрінесің,

Түлкідей тұра қашқан тұмандағы.

Сен болсаң ал - қызыл гүл, асыл еркем,

Мен бұлбұл сайрап тұрған иран бағы.

Құрбыңа назарыңды бір салмайсың,

Кер тағы сияқтанып құландағы,

Қалқыған дариядағы сен бір кеме,

Ішінде бір шам - шырақ бұрандалы.

Қайратпен қаhарманша бекінсең де,

Тәуекел майданында тұрам - дағы.

Жайықтың сіз қоңыр қаз қырындағы,

Біз сұңқар, сізге тиген ұрымдағы.

Барып ем ілейін деп суға түсті,

Қаз екен дарияның сыртындағы.

Болмаса ақ тұйғынның балапаны,

Қай құстар іле алмаған бұрын - дағы.

Сен болсаң адамзаттың асылысың,

Біз қанжар алтындаған қыныңдағы.

Ұнаса көңіліңе перизатым,

Жүре бер беліңе алып буын - дағы.

Пользователь: Мадина Молдагали

Поэт: Ақан сері Корамса-улы